Карина Ибрагимова: Олимпиадаға қатысу мен жақсы нәтиже көрсету екеуі екі бөлек дүние
Париж олимпиадасында ұлттық құрманының сапында ел намысын қорғайтын Карина Ибрагимова Kazinform агенттігіне берген сұхбатта төрт жылда бір келетін айтулы додаға дайындық барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
«Олимпиадаға бару кез келген спортшы үшін үлкен бақыт. Маған осындай бақыт маңдайыма жазып отыр. Әрине, спортшы үшін олимпиадаға қатысу мен жақсы нәтиже көрсету екеуі екі бөлек дүние. Жеңіске жетпесең, ертең сенің қатысқаныңды бәрі ұмытады. Екінші қайтар осындай мүмкіндіктің болатыны да белгісіз. Ал биік тұғырға шықсаң, әрине, тарихта, жанкүйерлерінің есінде мәңгі қаласын. Мен үшін бұл олимпиада тарихи сәт. Арманым Көк туымызды Париж төрінде желбірету», - деп ойымен бөлісті боксшы қыз.
Айтуынша, Париж олимпиадасының алдындағы кешенді жаттығу Алматыдағы бокс академиясында өтіп жатыр.
«Бапкерім Александр Высоцкий Париж олимпиадасы алдында ғылыми тұрғыда осы саланың мамандарымен келісіп, кеңейтілген бағдарлама жасады. Өз салмағымдағы Қазақстан құрамасы сапындағы ең мықты қыздармен спаринг өткіземін. Жалпы, жарыс алдындағы көңіл-күйім жақсы. Осы күнге маңдай тер төгіп жеткенім рас. Бұл ретте маған үнемі қолдау білдіріп келе жатқан ата-анама және жанкүйерлеріме алғыс айтқым келеді. Бокс қолғабын алғаш кигізген Петр Булкаға да алғысыз шексіз. Ал халықаралық жарыстарға шығарып, жеңіс тұғырынан көрінуіме септігін тигізіп жүрген Александр Высоцкий екендігін бокс сүйер қауым жақсы біледі. Ол кісі өз кәсібіне адал, тәжірибесі зор мықты бапкер. Әрбір тәлімгерінің дайындығына аса жауапкершілікпен қарайды, босаңсу деген жоқ. Әсіресе, жауапты жарыстардың алдында маңдай терімізді шығарады. Қарсылас боксшы қыздардың техникалық, физикалық әлеуетін Александр ағай өте жақсы біледі. Әлемнің түкпір-түкпірінде шаршы алаңға шыққан кезімізде болашақ қарсыласты зерттейміз. Бапкердің нұсқауын және әр қарсыласқа қарсы дайындаған тактикасын орындауға тырысамын. Бұл әдіс менің шаршы алаңда жеңіске жетуіме септігін тигізіп келеді», - түйіндеді Карина Ибрагимова.