Канвон-2024: жасөспірімдерді шығарып салды
Елордада Корея Республикасында ұйымдастырылатын IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына отандық спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз-қызметі.
Төрт жылдықтың басты жарысы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвон провинциясының Каннын қаласында өтеді.
Салтанатты іс-шараға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері, спорт ардагерлері, федерация басшылары мен мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
Іс-шара барысында Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу рәсімінде ту ұстайтын спортшыларға Қазақстан Республикасының Туы салтанатты түрде тапсырылды. IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің байрағын шорт-тректен ел чемпионы, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Шыңғысхан және конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, сондай-ақ ел біріншілігінің жеңімпазы Кристина Шумекова алып шығады. Өз кезегінде Ерасыл Шыңғысхан ту ұстаушы ретінде көпшіліктің алдына шығып, салтанатты түрде ант берді.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы спорттың 5 түрінен бақ сынап, 55 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қысқы Ойындарда ел намысын 42 спортшы биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, фристайл могул және шайбалы хоккей спорт түрлерінен қорғайды.
Салтанатты жиында Ермек Маржықпаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.