logo

Кака: Италиямен қарсы матчта жақсы ойын мен оң нәтиже күтеміз

Кака: Италиямен қарсы матчта жақсы ойын мен оң нәтиже күтеміз

Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака 2026 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін өтетін Италияға қарсы қарымта ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ сайтына сілтеме жасап. 

— Әр матчтың біз үшін маңызы зор екенін түсінеміз. Ал қарсыласың футзал мен футболда өзіндік дәстүрі бар Италия болса, әрі бұл кездесу Қазақстанда өтсе — ол тіпті маңызды. Көрерменге әдемі ойын сыйлап, оң нәтиже көрсетуге үміттіміз.

Біржан — маңызды ойыншы, бірақ біз үшін әр футболшы маңызды. Игита, Есенаманов, Дуглас — әрқайсысының орны білінеді. Десе дк бәрінен бұрын — команданың бірлігі маңызды. Ертеңгі ойында бізде біраз уақыттан бері болмаған толыққанды құрам шығады.

Дуглас соңғы кезде алаңда жиі көрінгенімен, төрт айдай ресми ойын өткізген жоқ. Дегенмен, жаттығуда жақсы жұмыс істеп жүр, ұлттық құрамаға дайын қалпында келді. Ертеңгі матчта одан жақсы ойын күтемін.

Эдсонның қайта оралуы жағдайды өзгертіп жатыр. Ол — жеке өте алатын, шабуылды күшейтетін ойыншы. Бұрын тап осындай сапа жетіспей жатқан. Ол тек алда емес, қорғаныста да көп көмектесе алады. Қайта қатарға қосылғанына қуаныштымын — көзі жанып тұр, бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады деп сенемін.

— Италияға қарсы бірінші матчтан кейін қандай әсерде қалдыңыз? Ертеңгі ойыннан не күтесіз?

— Италия — өте тәжірибелі команда. Жоғары деңгейдегі футзалшылар кез келген сәтте ойын тағдырын шеше алады. Біз тек жеңіс туралы ойлаймыз. Әрине, бәрін алдын ала болжау қиын, себебі футзалдың 40 минутында бәрі өзгеріп кетуі мүмкін — кейде есепті ұстап тұру керек болады, кейде шабуылдайсың. Бірақ соңында бәрін бір-екі сәт шешіп жатады.

Ертең ашық әрі қызық ойын болады деп ойлаймын. Мұндағы алаң — жылдам. Ал Италия болса, мықты команда. Жігіттері футзалды жақсы көреді, қатаң ойнайды, текетіреске көп барады. Бірақ олар тек қорғанып, тек гол жібермеуді мақсат етеді деп ойламаймын. Ертең нағыз футзал, тартысты ойын болады деп күтемін.

Айта кетейік, Италияның Фасано қаласында өткен алғашқы матчта алаң қожайындары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Италия құрамасы сапынан Джованни Пульвиренти мен Юлио Де Оливейра гол соқса, Қазақстан құрамасынан Шыңғыс Есенаманов қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Қарымта ойын 23 қыркүйек күні Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде өтеді. Матч 19:30–да басталады. 



Күн шежіресі