Юрий Щукин Қазақстан құрамасының Билли Джин Кинг кубогындағы өнерін қорытындылады
Қазақстан әйелдер теннис құрамасының капитаны Юрий Щукин Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі ұлттық құраманың өнеріне пікір білдірді.
Ширек финалда Қазақстан құрамасы Испания командасымен кездесті. Қарсыластық 2:1 есебімен Испания құрамасының пайдасына аяқталды. Жеңімпаз тек шешуші жұптық кездесуде анықталды.
Юрий Щукиннің айтуынша, команда соңына дейін күресті, ал мұндай деңгейдегі матчтар ойыншылар үшін маңызды тәжірибе болып табылады.
«Әрине, әрі қарай өтіп, жартылай финалға шығу үшін күрескіміз келді. Бірақ Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне әлемнің ең мықты сегіз құрамасы жиналатынын және мұнда әр матч өте жоғары деңгейде өтетінін түсіну керек. Біздің қыздардың барлығы жарады, бар күш-жігерін салып, соңына дейін күресті және кортта барын берді. Испаниямен кездесудің тағдыры тек жұптық матчта шешілді, сондықтан тартыс соңына дейін жалғасты. Бұл — команда үшін алдағы уақытта алға жылжуымызға көмектесетін маңызды тәжірибе.
Енді бізді Азия ойындары күтіп тұр. Ойыншылардың жағдайын бағалап, жаттығуларын бақылауға әлі уақытымыз бар. Жекелей сында кім ойнайтынын, жұптық және аралас жұптық сында кімдер өнер көрсететінін теннисшілердің дайындығына қарай шешеміз», - деді Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин.
Қазақстандық теннисшілер үшін келесі жарыс Жапонияда өтетін 2026 жылғы Азия ойындары болмақ. Жекелеген санаттар бойынша команда құрамы алдағы жаттығулардың қорытындысы бойынша бапкерлер штабы тарапынан анықталады.
Ешбір турнирден қапы қалмауыңыз үшін, Beeline үй интернеті тиімді бағамен 24 сағатта қосылады.