Юрий Мельниченко: Қазақстан чемпионаты - жастар мен тәжірибелі балуандардың текетіресі
Астанада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінен бес салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталуда. Осы орайда Sport Plus Qazaqstan тілшісі грек-рим күресінен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Юрий Мельниченкомен сұхбаттасты.
Париж Олимпиадасына бес ай ғана қалды. Алты олимпиадалық салмақтағы балуандардың міндеті - өз салмағында сөзсіз мықтылығын дәлелдеу. Нәтижесінде ел чемпионы Азия лицензиялық турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болады (19-21 сәуір, Бішкек). Біріншіліктің басты мақсаты - жаңадан Қазақстан құрамасын жасақтау. Осы аренада әр салмақтағы жастар мен “ардагерлер” өзін қалай көрсететінін бақылап отырмыз. Әр салмақта 2-3 орын алған балуандарды наурыз айында Түркиядағы халықаралық турнирге апарып, бірінші нөмірлі спортшы азиялық іріктеуде Олимпиадаға жолдама ала алмаған жағдайда әлемдік лицензиялық турнирге (9-12 мамыр, Стамбул) дайындаймыз.
Олимпиадалық жыл болғандықтан кейбір балуандар тәуекелге барып, үйреншікті салмағынан бір салмақ жоғары не төмен ауысуда. Бұл жағдайды бас бапкер стратегиялық қадам деп атады:
Жастар арасында әлем чемпионы Исхар Курбаев 55 келіден 60 келіге ауысып, Олимпиада жолдамасынан үмітті. Әр олимпиадалық салмақта осындай балуандар бар. Дегенмен, салмағын ауыстырып келген спортшыларға әлемдік деңгейде қиын болады деп айта алмаймын, өйткені олар да сырттан келген адам емес. Салмағы басқа демесеңіз, әр спортшы халықаралық аренадағы күрес, жаттығу жиындары сынды жүйелі жұмысты жүргізіп жүр. Жалпы осы чемпионатта жастардың белсенділігі байқалады. Жарыстың алғашқы минуттарынан-ақ жоғары динамика, эмоция, күтпеген нәтижелер орын алуда.
Әзірге грек-рим күресінен Қазақстан еншісінде Париж Олимпиадасына бір ғана жолдама бар. Оны 87 келі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов Сербиядағы әлем чемпионатында қоржынға салған еді. Юрий Мельниченконың айтуынша, Қазақстан “классиктерінің” жоспары - кем дегенде үш жолдамаға қол жеткізу.