Юлия Путинцева Испаниямен матчтағы жеңісіне пікір білдірді

Юлия Путинцева Испаниямен матчтағы жеңісіне пікір білдірді

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіндегі ширек финалда Испания өкілі Кристина Букшаны жеңгеннен кейін пікір білдірді.
Путинцева үш сетте — 6:2, 3:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды. Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы Испаниямен матчтық кездесуде есепті теңестірді — 1:1.
Матчтан кейін Путинцева шешуші партияда барынша зейін қойып, қарсыласына оңай ұпай алуға мүмкіндік бермеуге тырысқанын атап өтті.

«Менің ойымша, бұл жақсы әрі тартысты матч болды, теннис деңгейі де жоғары болды. Қазақстан құрамасына ұпай әкелгеніме қуаныштымын, енді кезек жұптық сында өнер көрсететін ойыншыларымызда. Үшінші сетте қателік жібермеу үшін барынша жинақы ойнадым. Егер ол жеңгісі келсе, ұпайларды өзі таза соққыларымен алуы керек деп ойладым. Менің ойын мәнерім де осы деп ойлаймын — қарқынды өзгерту, матчтың ырғағына бейімделу және қарсыласты кортта көбірек қозғалуға мәжбүрлеу», — деді Путинцева.

Қазақстандық теннисші матч үшінші сетке ұласқаннан кейін де ерекше қобалжымағанын айтты.

«Мен тіпті қобалжыған жоқпын. Неге екенін білмеймін, матчтарымның көбі үш сетке созылады, өзім мұны қаламасам да. Әйтеуір, үнемі осылай болып шығады», — деді ол.

Путинцева ұлттық құраманы трибунадан қолдаған қазақстандық жанкүйерлерге де ерекше алғысын білдірді.
«Трибунада өз жанкүйерлеріңнің қолдауын сезіну әрқашан керемет, бұл — ерекше сезім. Қазақстандық барабаншылар мен кернейшілердің Үлкен дулыға турнирлеріне де келіп, бізді сол жерде қолдағанын қалаймын. Әрине, Лена Рыбакинаның арқасында тенниске деген қызығушылық артты. Біз әлемнің қай түкпірінде ойнасақ та, Қазақстанның туын ұстап, бізге жанкүйер болып жүрген адамдарды көреміз. Мұны көру өте керемет әрі қуанышты», — деп қосты Путинцева.

Билли Джин Кинг кубогының жартылай финалына жолдама тағдыры шешуші жұптық матчта анықталады. Қазақстан құрамасы сапында Анна Данилина мен Жібек Құламбаева өнер көрсетеді.

Ешбір турнирден қапы қалмауыңыз үшін, Beeline үй интернеті тиімді бағамен 24 сағатта қосылады.



Күн шежіресі