Игита: Елімізге жеңіс сыйлау үшін барымызды саламыз

Футзалдан Қазақстан құрамасының капитаны Игита 2026 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін өтетін Италияға қарсы қарымта ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ сайтына сілтеме жасап.
— Ертең біз үшін шешуші матч. Команда дайын деп толық сеніммен айта аламын. Дайындық жоспарына сай өтіп жатыр. Алдыңғы ойын сырт алаңда болғанына қарамастан жақсы футзал көрсеттік — тәртіп те, мінез де болды. Сол ойында жеңілдік, бірақ соның өзінен көп жақсы тұстарды байқадық.
Қазір құрам күшейіп жатыр, өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауы да күш береді. Ертең оңай болмайды, ауыр ойын күтіп тұр. Бірақ соңына дейін күресіп, елімізге жеңіс сыйлау үшін барымызды саламыз.
— Италиядағы алғашқы матч алдында жарақаттан енді жазылып жатқан едіңіз. Сол кездегі жағдай мен қазіргі көңіл-күй қандай?
— Иә, ол кезде жарақат болды. Матч алдында біраз күмән болды. Алаңға шыққанда ауырсыну сезілді, бірақ күткендей қиын емес екен. Кейін физиотерапевттермен күніне екі рет жаттығып, жақсы қалпыма келдім. Қазір өзімді бұрынғыдан да жақсы сезінемін. Ауырсынусыз ойнау — үлкен бақыт.
— Ертең пенальти сериясы болуы мүмкін. Команда соған дайын ба?
— Иә, соңғы жаттығулардан кейін пенальтиге де арнайы уақыт бөлдік. Бұл — әрдайым қиын сәт. Мұнда тек соққы дәлдігі емес, психологиялық тұрақтылық та маңызды. Біздің команда — тәжірибелі. Жігіттер қысымға төтеп бере алады деп ойлаймын. Әрине, бәрін негізгі уақытта шешкіміз келеді. Бірақ егер пенальтиге дейін жетсек, оған да дайынбыз — техникалық жағынан, психологиялық жағынан.
Айта кетейік, Италияның Фасано қаласында өткен алғашқы матчта алаң қожайындары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Италия құрамасы сапынан Джованни Пульвиренти мен Юлио Де Оливейра гол соқса, Қазақстан құрамасынан Шыңғыс Есенаманов қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Қарымта ойын 23 қыркүйек күні Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде өтеді. Матч 19:30–да басталады.