Футзалдан әлем чемпионаты: Португалия Тәжікстанды әрең жеңді
Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Соңғы ойын күнінде Е және F топтарының құрамалары сынға түсті.
Өткен әлем чемпионатында алтын медаль алған Португалия құрамасы биыл да бабында екенін көрсетіп отыр.
Екінші турда жеңісті жолын жалғастырды. Десе де Тәжікстанмен кездесуде олар небәрі бір ғана доп айырмасымен жеңіске жетті.
Бұл ойында Португалия қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, Е тобында бірінші орынға жайғасты.
Бұл топта Марокко құрамасы Панаманы 6:3 есебімен жеңді.
Қазір Португалия мен Марокконың еншісінде алты ұпайдан бар.
Топта бірінші орын кімге бұйыратыны 22 қыркүйекте шешіледі. Дәл осы күні екі құрама өзара кездеседі.
Сондай-ақ F тобында Иран Гватемаланы 9:4, Франция Венесуэланы 7:3 есебімен тізе бүктірді.
Енді бүгін 20 қыркүйекте А тобында Коста-Рика мен Өзбекстан, Нидерланд пен Парагвай ойнайды.