Футболдан ел чемпионатының күнтізбесі белгілі болды
Биыл 33-ші мәрте жалауын көтеретін доп додасы 1 наурызда басталып, 10 қарашада мәресіне жетеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Алғашқы турда 1 наурызда елордалық «Астана» мен «Жеңіс» командалары кездеседі.
Бас қаланың қос командасы арасындағы дерби жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр.
Дәл сол күні «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе», «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) жасыл алаңға шығады.
Ал 2 наурызда «Қайрат» (Алматы) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Елімай» (Семей) мен «Атырау», «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Тобыл» (Қостанай) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады.
Премьер-Лига чемпионы атағы үшін биыл республиканың 13 өңірінен 14 клуб таласады.