logo

Ержет Жарылқасын: 2024 жыл мен үшін өте нәтижелі болды

Ержет Жарылқасын: 2024 жыл мен үшін өте нәтижелі болды

Осы күндері Албанияда өтіп жатқан күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында финалға шығып, күміс медаль иеленген грек-рим күресінің балуаны Ержет Жарылқасын Sport+ тілшісіне жарыстан алған әсерін айтты:

— Ержет, осы әлем чемпионатындағы күресіңіз туралы не айтасыз? Бапкерлермен талқылап үлгердіңіздер ме?

— Мен үшін бұл әлем чемпионаты сәтті өтті деп айтуға болады. Бәрі ойдағыдай болды, дегенмен ақтық сында асығып, қателікке жол бердім. Бапкерлермен күресімді әлі талқыламадық, аман-есен елге жеткен соң ағайыммен бірге отырып бәрін саралаймыз.  

— Дегенмен, 2024 жыл сіз үшін өте нәтижелі болды. Бұған дейін Азия чемпионы атандыңыз. Жаттығуда ерекшеліктер болды ма немесе биыл өзіңіз балуан ретінде толысып, финалға жетуге дайын болдыңыз ба?

— Рас, 2024 жыл мен үшін нәтижелі болды, шүкір. Біріншіден, өте жақсы дайындық жасадық. Оқу-жаттығу жиындары сапалы өтті, мен бәріне қатысып шықтым. Барлық бапкерлерге алғыс білдіремін! Екіншіден, мен бәріне дайын болдым деп айта аламын. Осы сенім де жеңіске жетелегендей.

— Енді қандай жоспарыңыз бар? Олимпиадалық емес салмақта қаласыз ба әлде ауысу жоспарда бар ма?

— Елге жеткен соң бірден жаттығуды бастаймын. Келесі жылға қызу дайындыққа кірісеміз. Ал, салмақ ауыстыруға келсек, бұл мәселеге қатысты нақты жауабым жоқ. Жеке бапкерім Асылжан Байзақовпен талқылаймыз.

Ержет Жарылқасын грек-рим күресінен 63 келіде әлем чемпионатының іріктеу айналымында Польша және Франция балуандарынан басым түсіп, жартылай финалда Садық Лалаевты (бейтарап спортшы) таза жықты, алайда ақтық сында Нихад Захид Мамадлиге (Әзірбайжан) жол берді.