«Ертіс» Испаниядан келген қазақстандық футболшымен келісімшартқа отырды

«Ертіс» футбол клубы 19 жастағы қазақстандық жартылай қорғаушы Мохаммед Енсебаевпен келісімшартқа отырғанын жариялады, деп хабарлайды Sport+ павлодарлық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мохаммед Енсебаев — Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасының сегіз ойыншысының бірі. Олар Matador Academy бағдарламасы аясында Испания клубтарында қаралымнан өткен болатын. Өткен маусымда ол Испанияның «Вальядолид B» жастар командасына ауысты. «Ертіске» дейін испандық Терсера Федерасьонда өнер көрсететін «Сеута B» командасында ойнады.
Айта кетейік, Мохаммед Енсебаев — Үржар футболының түлегі. Ол бұған дейін «Alash-РКС» жасөспірімдер командасында ойнаған. Кәсіби мансабын 17 жасында «Жас Қыран» құрамында бастаған. 2023 жылғы маусымда ол «Елімай» сапында өнер көрсетіп, 16 матчқа қатысып, 2 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.
Бірінші лига чемпионы атанып, семейлік клубтың Премьер-лигаға жолдама алуына үлес қосты.