logo

«Еркін күш» клубының бапкері Айбек Шоқпұтов реванш туралы: Кімнің қалай дайындалғанын тордың өзі көрсетеді

«Еркін күш» клубының бапкері Айбек Шоқпұтов реванш туралы: Кімнің қалай дайындалғанын тордың өзі көрсетеді

«Еркін күш» командасының бапкері Айбек Шоқпұтов Sport+ сайтына берген сұхбатында Нұрбек Кабдрахманов пен Бағлан Жеңісұлы арасындағы реванш жайлы өз пікірін білдірді:

— Әрине, алғашқы жекпе-жекте кеткен қателіктерді ескере отырып, өзгертулер енгіземіз. Қарсылас өз жеңісін мәлімдеп, раундтарды өзіне жазып жүр. Мен жекпе-жекті бірнеше рет қарап шықтым — Бағланның жеңісі деп айту маған қиын. Бұл сөзім Нұрбекті ақтау емес, тек ол чемпион ретінде қарсыласына жол берген жоқ. Оның үстіне, қарсыласының жарақаты болды, сол себепті жекпе-жекті тоқтату да мүмкін еді.

Бағлан Нұрбекті нокдаунға түсірген жоқ, айқын басымдықпен ұтқан жоқ. Иә, жақсы жекпе-жек өткізді, бірақ чемпиондық деңгейдегі айқастарды бұлай ұтпайды. Ал жұрт алдында не айту да оңай. Біз де есеп бойынша Нұрбек төрт раундты ұтты деп есептейміз, бірақ мәселе мұнда емес.

Жекпе-жектен кейін ол шығып, қол алысады да, артынша пікірталас тудырады — бұл әдемі қылық емес. Енді міне, қайта кездесеміз, кімнің мықты екенін тор көрсетеді. Біз өз жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз, ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз, тек сөзбен емес, іспен дәлелдесін.

Турнир мен жекпе-жек 29 қараша күні Алматыда өтеді. Жарысты Sport+ арнасынан тікелей эфирде көруге болады.



Күн шежіресі