Еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов Петропавлға оралды
Солтүстікқазақстандықтар еркін күрестен Әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановты теміржол вокзалынан қарсы алды, деп хабарлайды Sport +.
Нұрқожа Қайпанов Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақтарда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды. Ол — ел тарихында еркін күрестен Әлем чемпионы болған екінші балуан.
«Еңбек пен шексіз шыдамдылық нәтижесін бермей қоймайды. Нұрқожа Олимпиада медалін таққысы келген, ол мақсатына да жетеміз деп ойлаймын, алда әлі уақыт бар. 2019 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Одан кейін қандай да бір себептермен айтарлықтай жолы болмап еді. Ең бастысы өзіне деген сенімін жоғалтпады, ерік-жігерін жинап, бұл жолы одан да жақсы нәтижеге жетіп отыр. Өте еңбекқор. Біздің мектеп-интернатқа 7-сыныпқа келген еді. Көзі «жанып» тұрған бала. Бұл жетістігі таза еңбектің нәтижесі. Ата-анасына да алғыс айтқым келеді. Спортта, қайда болмасын тәрбиенің рөлі зор», — дейді жаттықтырушысы Аян Бейсенбаев.