Елена Рыбакина: Өз елім үшін ойнау — үлкен абырой

Билли Джин Кинг Кубогының іріктеу матчтары басталар алдында Брисбен қаласында Қазақстан әйелдер құрамасының баспасөз мәслихаты өтті. Команда толық құрамда және тамаша көңіл күйде. Қыздар алдағы кездесулерге дайын және жеңіске ұмтылып отыр, деп хабарлайды Sport+ Қазақстан теннис федерациясына (КТФ) сілтеме жасап.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне берген эксклюзивті сұхбатында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алдағы матчтар мен ұлттық құрама сапындағы өнер көрсету туралы ойларымен бөлісті.
— Елена, ұлттық құрама сапындағы кезекті матчтарыңызбен құттықтаймыз. Қандай сезімдесіз?
— Үлкен рахмет! Брисбен — мен үшін ерекше қала: өткен жылы дәл осы жерде турнир жеңіп алғанмын. Әрине, маусым ортасында Австралияға келу сәл ерекше, себебі Еуропада қазір топырақтағы турнирлер басталып кетті, ал мұнда — хард. Бірақ мен ұлттық құрама сапында қайта ойнайтыныма қуаныштымын және жақсы теннис көрсетуге тырысамын.
— Жақын арада жалғыз разрядтағы келесі ойыныңыз ұлттық құрама сапындағы 10-шы матч болмақ. Бұл меженің сіз үшін қандай маңызы бар?
— Мен бұл туралы білмеппін. Бірақ бұл, әрине, жағымды. Мен әрқашан Қазақстанды халықаралық аренада танытуға тырысамын. Кестеміз өте тығыз, бірақ құрамада ойнауға мүмкіндік болған сайын оны пайдалануға тырысамын. Өз елім үшін ойнау — бұл үлкен абырой.
— Алдағы турнирде команданың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
— Бізде жеңіске жетуге барлық мүмкіндік бар. Біз өзімізге сенеміз!
— Жанкүйерлерге не айтқыңыз келеді?
— Бізді қолдаңыздар! Сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз — сіздерді қуантуға және жеңіске жетуге тырысамыз!