logo

Елдос Сайдалин: Қыздардың дайындығында тәртіпке көп мән береміз

Елдос Сайдалин: Қыздардың дайындығында тәртіпке көп мән береміз

Бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин қазіргі уақытта жастар арасындағы әлем чемпионатында қыздар командасын шаршы алаңға алып шығып, ақыл-кеңесін айтып жүр. Осыдан жарты жыл бұрын бас командаға жастар құрамасының аға бапкерлігінен ауысып келген маман Sport+ тілшісіне Будвадағы қыздардың аяқ алысы жайында айтты:

«Әлем чемпионатында қыздар құрамасы жақсы өнер көрсетуде деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз — командалық есепте бірінші орын алу. Сол межеге дұрыс келе жатырмыз. 12 қыздың тоғызы жартылай финалға өтті. Мен әйелдер құрамасының бас бапкері болсам да, біз барлық жас дәрежелеріне тең көңіл бөлуге тырысамыз. Керек жерде ақылымызды қосып, бағыт беріп отырамыз. Қазақстан әйелдер боксында өте мықты жас буын өсіп келе жатыр, осы біріншіліктегі 17-18 жастағы қыздар да, олардың артынан ілескен 13-14 жасар қыздарымыз да осал емес. Оны жазда өткен Азия чемпионатынан да көрдік.

Қыздардың дайындығында бірінші кезекке тәртіпті қоямыз. Қыздар күн тәртібімен жүреді, дұрыс тамақтану, уақытылы ұйқы тағы басқасы. Жарыс және жаттығу жиыны кезінде телефон қарамайды. Барлығы смартфондарын тапсырып, артық нәрсеге алаңдамайды. Бос уақытта бір бірімен араласып, кітап оқиды, таза ауада серуендейді», — деді Сейдалин.