Елдос Сайдалин: Бұл жеңістер біздің боксшы қыздарымызға оңай келген жоқ
Қазақ қыздары бокстан Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте көш бастап, сарықұрлықта теңдессіз екендерін дәлелдеді. Бұл туралы Kazinform сайтына сұхбат берген Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин айтып берді, деп хабарлайды Sport+
«Азия ойындарын өте сәтті өткіздік. Қазақ қыздары 5 қола, 5 алтын медальға қол жеткізіп, Азия елдері арасында өздерінің көшбасшы екендерін дәлелдеді. Бұл – біздің Ұлттық құраманың ауызбіршілігінің, береке-бірлігінің арқасында, талмай еңбектенуімен келген жеңіс деп айта аламын. Азия біріншілігіне өте жоғары деңгейде дайындалдық. Әр боксшыларымыздың жеке бапкерлері де шәкірттері үшін барын салды. Әр жекпе-жекке тактика қолданып отырдық. Соның нәтижесінде осындай көрсеткішке қол жеткіздік», - деп атап өтті бас бапкер Елдос Жәнібекұлы.
Сонымен қатар бас бапкер бұл дода осы жылдың соңғы басты додасы болғандықтан, жылды сәтті аяқтауды басты назарға алғанын да жасырмады.
«Өздеріңіз білесіздер, бұл – Азия чемпионаты боксшыларымыз үшін осы жылдың соңғы басты додасы болды. Оны абыроймен аяқтау біздің басты мақсатымыз болатын. Біз сол дегенімізге қол жеткіздік деп есептеймін. Әрине, бұл жеңістер біздің боксшы қыздарымызға оңай келген жоқ. Бірінші рет ірі додада бас киімсіз қолғап түйістіріп отыр. Бас киімсіз жұдырықтасу қыз баласына оңай соқпайтынын жақсы білесіздер. Бірақ, тәртіпке бағына отырып, талапқа сай жұдырықтасып, үздік көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Жалпы, Азия біріншілігінде тоғыз мемлекеттің қыздары жүлдеге ілікті. Біздің қыздар 5 алтын, 5 қола медальмен мықтылығын дәлелдеді», – деді бас бапкер.