Елдос Сайдалин: Астана төрінде бокстасып жүрген қыздар - келесі Олимпиада жүлдегерлері
Астанада бокстан 22 жасқа дейінгі және жастар арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин жаңа қызметтегі алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Елордадағы біріншілікке келді. Маман Sport Plus Qazaqstan тілшісіне берген сұхбатта жарыстың үшінші күнінен бастап рингке шыққан боксшылар туралы пікірін білдірді:
«Осы уақытқа дейін жұдырықтасқан барлық боксшы қыздар қойылған тапсырманы орындап, қарсыластарын жеңді. Қазіргі уақытта әйелдер құрамасын жаттықтырғаныммен, 22 жасқа дейінгі спортшылар да біздің командада. Оған қоса, бұрын жасөспірімдер және жастармен жұмыс істегендіктен, бұл чемпионаттағы боксшылармен бірге бірнеше әлем және Азия біріншіліктерін өттік. Барлығының потенциалы зор, дұрыс дайындық жасаған жағдайда алар жүлделері көп. Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін дәл осы спортшылардың жасы да, бабы да сай келеді.
Бапкер әйелдер құрамасының дайындығын да сөз етті:
Бірер күн бұрын Алматы облысындағы оқу-жаттығу жиынын аяқтадық. Қыздар жақсы формада, ауқымды командалақ жұмыс атқарылды. Мамыр айына екі маңызды жарыс жоспарланған. Астанада өтетін халықаралық Елорда кубогы және Бангкоктағы лицензиялық турнир. Жолдама жарысына аттанатын боксшылар бөлек дайындалады, әр салмақта көмектесетін спортшылар олармен бірге жаттығады»
Астанадағы Азия чемпионаты 7 мамырға дейін жалғасады. Қазақстан әйелдер командасы жартылай финалға жеңіліссіз келе жатыр.