Дусматов Бибосыновқа қарсы қалай дайындалатынын айтты
Қазақстандық былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов Париж олимпиадасының ширек финалында өзбекстандық боксшы Хасанбой Дусматовпен кездеседі, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Осы орайда Дусматов қазақ боксшысына қалай дайындалатыны жайлы айтты.
«Жекпе-жегін көрдім. Бапкерлермен бірге тактика құрамыз. Мұнда бәрі тыңғылықты даярлықпен келген. Аянып қалмаймыз, бұған дейін де кездестік. Бір-бірімізді білеміз. Бұл қызық, тартысқа толы жекпе-жек болғалы тұр. Өзбекстан мен Қазақстан жанкүйерлері асыға күткен айқас», - деді өзбек боксшысы.
Айта кетейік, Сәкен 1/8 финалда түркиялық Самет Гумушті айқын басымдықпен (5:0) жеңсе, Хасанбой пуэрториколық Хуан Лопестен басым түсті.
51 келідегі Бибосынов пен Дусматов айқасы 2 тамыз күні сағат 21:20-да басталады. Екеуі бұған дейін үш рет жолыққан. Әзірге 2:1 есебімен Дусматов алда тұр.