Диас Досқараев: Путинцева өз ритмін таба алмады

Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Sport+ арнасына берген сұхбатында Юлия Путинцеваның ойыны туралы пікір білдіріп, оның бапкер ауыстыруы жайлы да айтып өтті.
«Путинцева өте көп күш жұмсалатын стильде ойнайды, сондықтан денсаулық бірінші орында тұрады. Мұндай стильде егер 100% дайын болмасаң, жақсы нәтиже күту қиын. Шөпте ойнау үшін Юлияға өз темпін табуға уақыт керек, ал қазіргі матчтарға қарағанда, ол әлі өз ритмін таба алған жоқ. Сонымен қатар, бапкер ауыстыру процесі жүріп жатыр. Ол италиялық Маттео Донатимен жұмысын тоқтатты, қазір қасында ұлттық құраманың капитаны Юрий Щукин бар. Қазіргі уақытта жаңа бапкермен келіссөздер жүргізілуде. Уимблдоннан кейін оның кіммен жұмысын жалғастыратыны белгілі болады. Юлияның ойыны жылдан-жылға жақсарып келеді, бірақ кейбір микрожарақаттар кедергі келтіріп жүр», — деді Досқараев.
Юлия Путинцева Уимблдон турнирін жеңіліспен бастады, алайда бүгін жұптық сында кортқа шығады.
Диас Досқараевтың толық сұхбатын төменнен көре аласыз.