Демеу Жадыраевқа пәтер кілті табысталды
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ Олимпиаданың күміс жүлдегері, палуан Демеу Жадыраевты қабылдап, «Жетісу облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Анасы Күлипа Бижановаға салтанатты түрде құрмет көрсетіп, Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін табыстады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыс басшысы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары – спортшының алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғамбеков және жеке бапкері Боранбек Қоңыратовқа да ризашылығын білдіріп, қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Еске салсақ, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев – Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы.
Оның спорттағы алғашқы қадамы Үшарал ауылындағы мектепте күрес секциясына қатысудан басталған. Бұл секцияда оған күрестің бастапқы әліппесін үйреткен жаттықтырушы Жұмахан Тұрғамбеков болды.
Кейін 2003-2007 жылдарда Демеу Жадыраев Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернат мектебінде оқыды. Бұл мектептен Мират Сәрсенбаев, Карина Горичева, Игорь Сон, Ильфат Абдуллин сияқты әлем чемпиондары мен Олимпиада жүлдегерлері шыққан.