logo

Демеу Жадыраев Қазақстан чемпионы атанды. Грек-рим күресінің нәтижесі

Демеу Жадыраев Қазақстан чемпионы атанды. Грек-рим күресінің нәтижесі

Астанада грек-рим күресінен 2024 жылдың Қазақстан чемпиондары анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan

Бұл күні жарыс тіпті қыза түсті. Оның себебі төрт бірдей олимпиадалық салмақ бойынша үздіктер анықталды және әлемдік аренада нәтиже көрсетіп жүрген балуандардың боз кілемге көптеп шығуы.

60 келі - дәстүр бойынша Қазақстандағы бәсекелестігі ең жоғары салмақ. Финалда Айдос Сұлтанғали мен Ғалым Қабдунасыр соңғы сәтке дейін текетіресті. Төрешілер белдесу таза жеңіс беріп, кейін өз шешімін өзгерткен сәттер де болды. Жанкүйерлер соңғы секундқа дейін кім жеңімпаз боларын білмей, қысым жоғарылай берді. Минималды есеппен Айдос Сұлтанғали жеңіске жетті, 4:3. Дастан Зарлыханов (Ақмола облысы) және Мейрамбек Айнағұлов (Ақтөбе облысы) осы салмақта қола жүлдеге ие болды.

67 келіде жоғары топта кіл мықтылар жиналды. Осылайша Мейіржан Шермахамбет финалға дейін жастар арасындағы әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлын, әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаевты жеңді. Финалда  жамбылдық Дінмүхамед Қошқармен күш байқасқан шымкенттік балуан мерзімінен бұрын таза жеңіске жетті. Алмат Кебіспаев (Қарағанды облысы) пен Алматбек Аманбек (Алматы облысы) үшінші орында.

Алматы облысының өкілі Демеу Жадыраев  77 келіде қиын топтан шыға білді. Ол өз жолында осы салмақтың лидерлері Азат Садықов пен Мақсат Ережеповтен озды. Ақтық сында жастар арасындағы әлем чемпионы Темірлан Шадукаевпен тартысты белдесуде 8:3 есебімен ұтты. Бұл - Демеу Жадыраев үшін көптен күткен алтын жүлде. Ибрагим Магомадов (Қарағанды облысы) пен Әбділәзім Қарабаев (Шымкент) үздік үштікті түйіндеді.

87 келі ақтық сынында қос астаналық балуан Азамат Құстыбаев пен Мақсат Сайлау кездесуі керек еді. Алайда, 2023 жылғы Азия Ойындарының қатысушысы Мақсат Сайлау жарақатына байланысты финалға шықпады. Осылайша, осы салмақтағы ең тәжірибелі спортшы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және Азия чемпионаты мен Азия Ойындарының жүлдегері Азамат Құстыбаев алтын жүлдеге ие болды. Темірлан Тұрдақын (ШҚО) мен Диас Кален (Жетісу облысы) үшінші орында.

Ең ауыр салмақ дәрежесінің финалында Әлімхан Сыздықов (Шымкент) алғашқы кезеңде-ақ Салават Ахметқалиді (ШҚО) таза жеңді. 130 келідегі қола жүлдегерлер: Жoхар Узаров (Шымкент) және Мансур Шадукаев (Қостанай облысы).



Күн шежіресі