Данияр Елеусінов филиппиндік қарсыласымен көз түйістірді
Еліміздің белгілі кәсіпқой боксшысы Данияр Елеусінов жекпе-жек алдында өткен баспасөз конференциясында Филиппин өкілі Джо Нойнаймен көз арбасты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Көз түйістіру рәсімінде қос боксшы да өздерін салмақты ұстады. Алматыда All Stars Boxing кешінде ІВО нұсқасы бойынша әлемнің экс-чемпионы Елеусінов (11-0, 6 КО) Джо Нойнаймен (23-4-2,11 КО) сынға түседі. Аталған жекпе-жек 28 қыркүйек күні өтпек.
Бұдан бөлек, бокс кешінде аралас жекпе-жек шеберлері Қуат Хамитов пен Нұрберген Шәріпов өнер көрсетеді. Айта кететін жайт, бұл кеште Қуат Хамитов кәсіпқой бокстан алғаш рет жекпе-жек өткізгелі отыр.
Данияр Елеусінов 3 жыл бұрын елордада айқасқа шығып, ІВО нұсқасында әлем чемпионы атанған. Алайда кейін ол бұл белбеуінен айырылып қалды.
Сондай-ақ, ол әуесқой бокстан да айтулы жетістікке қол жеткізген боксшы. Ол Рио Олимпиадасында 69 келіде чемпион атанған болатын.