Даниял Сабит Қазақстан чемпионатының жартылай финалына мерзімінен бұрын шықты
Батыс Қазақстан облысының боксшысы Даниял Сабит Қарағандыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды Sport+.
51 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда Сабит Атырау облысының өкілі Алмас Хиникинмен кездесті. Бірінші раундтың қорытындысы бойынша барлық төреші жеңісті 10:9 есебімен Даниялға берді. Екінші үш минуттықта Сабит басына дәл тиген қос соққысын бауырға бағытталған соққымен жалғастырды. Осы соққыдан кейін рефери есеп ашып, жекпе-жекті тоқтатты.
Осылайша, Даниял Сабит жекпе-жекті мерзімінен бұрын жеңіп, Қазақстан чемпионатының жартылай финалына жолдама алды. Жартылай финалда оның қарсыласы алматылық Ернұр Қайрат болады.