Боксты тастаймын дегенімде Канело хабарласып, қасына шақырды: Бек Нұрмағанбет
АҚШ-ты бағындырып жүрген Боксшы Бек Нұрмағанбет Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында Канеломен таныстығы, АҚШ-тағы өмірі, қарсыласы мен өзге де қызықты сұрақтарға жауап беріп, Әлімханұлы – Михайлович жекпе-жегіне болжам жасады.
– Сіз былтырғы жылды Канелоның жаттығу залында өткіздіңіз. Мексика жұлдызының құпиясы неде екен? Канело басқалардан несімен ерекшеленеді?
– Канеломен жаттығып жүргеніме 3 жыл болды. 3-4 ай АҚШ-та жаттығып, артынша 2-3 ай елімізде ауылда демалғанымды есептесем, нақты 2 жыл. Канелоның артықшылығы - оның тәжірибесінде. Тіпті құпиясы болғанның өзінде ол ешкімге айтпайды деп ойлаймын. Барлық боксшылар бірдей жаттығу жасайды. Стильдерінде ерекшелік бар. Жасырын жаттығу тәсілдері болса, құпия күйінде қалған шығар. Менің ойымша, еңбекқорлығы, тәжірибесі мен Құдай берген талантының арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Соның бәрін ұштастыра білген адам ғой.
– Канело сізді қалай қабылдады? Өмірде қандай адам?
– Канело кардында 1 жыл бұрын жекпе-жек өткізгеннен кейін елге қайтып жаттығу жасап жүргенімде Suleimen Promotion жабылды. Одан кейін өзімше мен боксты қойдым деп есептеп, демалыс алғандай болдым. 2-3 айдан кейін Канелоның өзі хабарласты. Компаниямыздың жабылғанын әлеуметтік желі арқылы көрген болуы керек. Канело маған «әрі қарай қандай жоспарың бар?» деген сұрақ қойды. Негізінде менің жоспарым болған жоқ. Олар маған жеке хабарласып, өздеріне шақырады деген ой да болған емес. Канелоға жоспарымның жоқ екенін айттым. «Бізге келе алсаң, көмектесуге дайынбыз» деген хабарлама жіберді. «Қандай мақсат?» деп тіке сұрақ қойдым. Жоспарларын ашып түсіндірді, жатар орын, тамақпен қамтамасыз ететіндерін айтты. АҚШ-қа билетімді алып берді. Рейтингтік жекпе-жекке шығатын боксерлерге қандай жағдай жасалса, маған да сондай жағдай жасалып отыр. Спарингтен бөлек, Канело - адамгершілігі өте жоғары жігіт. Басқа чемпиондарға қарағанда өзіне тән бір артықшылығы бар, ол - оның кішіпейілділігі. Әңгімелесіп отырғанда жұлдыздығын байқамайсың.
– Головкинмен жекпе-жектен кейін Қазақстанда Канелоға қырын қарайтындар көбейді. Сіз оған неліктен шаң жуытпай отырсыз?
– Жанкүйерлер көзімен қарасақ, ондай сезімнің болуы орынды. Бизнес ретінде қарасақ, бұл - спорт. Екіншіден кіл мықтылар ғана осындай жекпе-жектер өткізеді. Геннадий ағамыз өте мықты, талантты боксшылардың қатарындағы аңыз адам. Канело одан да мықты екенін көрсетіп, жеңіске жетті. Бірақ өте қызық жекпе-жектер өткізді деп ойлаймын.
– Сіз одан Головкинмен трилогия өткізу туралы сұрамадыңыз ба?
– Жеке өзім Канелодан Головкин жайлы ойын сұрамадым. Өзі де қарсыластарын жамандап, ұлтараздық тудыратындай дүниелер жасаған жоқ, «хайпқа» бармайды. Шын мықты болғандықтан өзінің мықтылығын біліп, байыпты, салмақты күйде жүретін шығар деп ойлаймын.
– Suleimen Promotion боксшылары Павлов, Аманқұл, Жүсіпов сіздермен бірге жаттықты. Бұл промоушен жабылған соң олардың күні не болды? Қазір не істеп жүр?
– Иә, арада келіспеушіліктер болған соң мен үшін жалғастырудың мәні болмады. Одан кейін компания жабылды. Бірге жаттығып жүрген жігіттердің әуесқойға кетеміз деген жоспарлары болды. Инстаграм арқылы бір-бірімізбен сөйлесіп отырамыз. Негізгі жоспарларын білмеймін.
– Канеломен таныстыққа, турнирінің андеркартында өнер көрсетуіңізге кімдер көмектесті? Мұндай мүмкіндік қалай туды?
– Жалпы мұндай бокс жұлдыздарының бокс кешінде жұдырықтасу – әркімге бұйыра бермейтін бақ деп ойлаймын. Suleimen Promotion көмегімен Канелоның жаттығу залдарына кіріп, өзімізді көрсете алдық. Спарингтер болды, сол жерде тексерді. Содан кейін Канелоның құрама командасы бізді кардқа қойды. Олар солай шешті. Яғни, жақсы көзге түскен шығармыз деп ойлаймын. Көмектескендер тізіміне тоқталсам, Канеломен таныстырған Suleimen Promotion-ға рақмет. Әрі қарай жақсы қабылдаған Канело командасына алғысым шексіз.
– Боксрек мексикалықпен келесі жекпе-жегіңізді жариялады. Қарсыласыңызды әдетте қалай зерттейсіз?
– Кәсіпқой бокс болғандықтан бұл жақтың саясаты басқаша. Біреулер жиі жекпе-жек өткізсе, чемпиондар жылына 2 кездесу өткізеді. Маған «екінші жекпе-жегіңе шығасың» деп ауызша уәде берді. Мен онысына келістім. Себебі рейтингке жұмыс істегендіктен көбірек кездесу өткізіп, тәжірибе жинау керек. Қарсыласымды бақылаймын, ютубтан жекпе-жектерін қарап отырамын. Тактикасын, техникасын, соққыларын түгел зерттеп, тексереміз.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Бәрі армандайтын чемпиондық титул - менің мақсатым. Көк туымыз әлемде желбірету, Қазақстанның намысы қорғау бар. Еліміздің атын әлемге таныту жолында өз үлесімді қосқым келеді. Рейтингтік жекпе-жектерден кейін үлкен кездесулерге жол ашылады. Себебі АҚШ-та әуесқой, кәсіпқой бокстың саясаты бөлек. Менің жоспарым – чемпиондыққа жету. Канело командасы рейтингтік кездесулерден тәжірибе жинаған соң рингтің мықтыларымен кездесесің деді. Бірден келістім. Себебі менің де арманым – мықтыларды жеңіп, атымды шығару.
– Қазір елімізде турнирлер ұйымдастыратын промоушендер көп. Туған жеріңізде өнер көрсетуге қалай қарайсыз?
– Барлық боксшы өз жерінде бокстасқысы келеді ғой. Алайда Қазақстанда кәсіпқой бокс АҚШ-тағыдай дамымаған. Жанкүйерлер де басқаша. Бұл жақта мықты мен әлсіз төбелесіп жатыр демейді. Оларға қантөгіс қызық, шоу керек. Сол үшін АҚШ-та төбелескен маған қызығырақ. Бірақ Қазақстанда жақсы жекпе-жектер ұйымдастырылып жатса, қарсы емеспін.
– Сіз әлем чемпионатында әуесқой боксқа қайта оралуға тырысып едіңіз. Қазір ондай ой жоқ па?
– Кәсіпқойға боксқа кеткен соң 3 жылдан кейін әуесқойға ауысу бойынша ұсыныстар түсті. Кім мықты болса, сол әлем чемпионатына барсын деді. Мен әлем чемпионы болуды армандап, бағымды сынап көрдім. Бірақ кейде бәрі біз ойлағандай болмайды, әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың айырмашылығы өте үлкен екенін сол жерде сезіндім. Себебі менде 3 жылдық кәсіпқой бокс стилі мен соған сай жаттығу болды. Екі кеменің басын ұстамай, бір жақта болайын деген ниетпен толықтай кәсіпқой боксқа ауыстым. Осындай таңдаулар болмағанда әлі де әуесқой бокс та жүруім мүмкін еді.
– Дәл қазір Қазақстанның ең мықты боксшысы кім деп есептейсіз?
– Дәл қазір – Жәнібек Әлімханұлы. Себебі кішкентайымнан бүкіл жекпе-жектерін қарап, еліктеп өскендіктен Жәнібек ағамызды бірінші орынға қоямын. Бізде талантты боксшылар өте көп. Данияр Елеусінов, Садриддин, Сұлтан Зауырбек, Жанқош Тұраров бар. Дегенмен өзім үшін боксшылардың ең мықтысы Жәнібек деп ойлаймын.
– Әлімханұлы – Михайлович жекпе-жегіне болжамыңыз қандай?
– Жәнібек пен Михайловичтің жекпе-жегінде жеңісті Жәнібекке беремін. Жанкүйері болғандықтан емес, мықтылығын көріп тұрмын. Бірақ қарсыласы да өте қауіпті боксшылардың бірі. Техника, соқыларының мықтылығы жағынан Жәнібек басым түседі деп ойлаймын. Бұл жекпе-жек мен үшін өте қызық. Екеуі де мықты. Екеуінің де карьерасында жеңіліс жоқ. Енді біреуінде жеңіліс болмақ.
– Жеңіске жетуге көмектесетін 3 қасиетті айтыңызшы...
– Бокста кейде ақыл, кейде күш, кейде бақ маңызды рөл атқарады. Барлығын ұштастыра білгенде ғана жетістіктер болады деп ойлаймын. Тек бір қасиет арқылы жеңіске жетеді деп айта алмаймын. Себебі өмір бойы еңбектеніп жүрсе де, чемпиондыққа жете алмай жүрген жігіттер бар. Үш қасиетті айту керек болса, бірінші - ақыл, екінші - соған сай күш, үшінші ақылың мен күшіңді игеріп отыратын мінез болу керек.
– Сізді кім немесе не шабыттандырады?
– Мені тікелей өзімнің соғыс ардагері, өте дана кісі Нұрмағанбет атам шабыттандырады. Атамның ерліктері, атамның сөздері, істеген істері тікелей маған әсер етеді. Өз-өзіме мотивация бергенде көз алдыма атамды елестетемін. «Атаң мінезді болған, атаң батыр болған, сен атаңды ұятқа қалдырма!» деп жігер беремін. «Нұрмағанбеттің баласы таяқ жеп қалыпты» деп айтпасын деп еңбектенемін. Екінші, әке-шешем абыройлы болса екен деймін. Үшінші, бауырларым, достарым, жанкүйерлерім. Сол кісілердің маған деген сенімі мені шабыттандырады.
– Сізге берілетін гонарар жағы қалай? Сіз үшін не нәрсе басты орында?
– Ақшаға құмар адам емеспін. Бірақ дүниенің керек екенін білемін. Дүние қуған жоқпын. Отбасымыз бар, бокстан кейін де өмір бар. Сол үшін ақша керек. Бокс әлеміне енді келіп жатқан спортшыларға қаражат өте қажет. Керек кезде қаржының болғаны дұрыс. Бірден көп қаражатқа ие болсаң, дүние қоңыздықпен мақсатыңнан адасып қалуың мүмкін. Аз болса да, дәл солай. Отбасыңды асырай алмай отырсаң өте қиын.
Мен үшін абыройлы дәрежеде өмір сүру – басты орында. Абырой, мінез. Оның өзінде қатып қалған мінез емес, абыройым артқанда, абыройсыз қалғанда өз-өзімді ұстап тұра алатын мінез. Үшінші – ақыл. Ақылың мен ісің сай болып тұрса, Алла абырой береді. Сол абыройды игеріп кете алатын мінез керек. Кейде қаттылық керек. Кейде жұмсақтық керек. Мен үшін маңыздысы – абыройым, жігіттік намысым.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын.