Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері ауысты
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне Елдос Сайдалин тағайындалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Қазақстан бокс федерациясының ақпаратына сәйкес, Сайдалиннің бапкерлік өтілі 16 жылдан асады. Қарағанды облысы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде жаттықтырушы болған.
2020 жылдан бері әйелдер боксынан Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрамаларының аға бапкері. Оның жетекшілігімен 2021 жылғы Әлем чемпионатында Қазақстан командасы 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген. 2022 жылы Әлем чемпионатында жастар құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Ал 2023 жылы Астанада өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында отандық былғары қолғап шеберлері ел қоржынына 8 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль салды. Сондай-ақ, былтыр Арменияда өткен жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік додада 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.
Елдос Сайдалин бұл қызметте Шәміл Сафиуллиннің орнына келді. Сафиуллин 2021 жылдан бері бас бапкер жұмысын атқарған. Қазіргі уақытта әйелдер құрамасының еншісінде Париж Олимпиадасына бір ғана жолдама бар. Ол 57 келідегі Карина Ибрагимоваға тиесілі. Жақында Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы жолдамасыз қалды. Алда Таиландтағы соңғы лицензиялық жарыс қалды.