logo

Бокс федерациясы 63,5 келіде не үшін спарринг өткізетінін түсіндірді

Бокс федерациясы 63,5 келіде не үшін спарринг өткізетінін түсіндірді

Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев 63,5 келі салмақта өзара спарринг өткізу идеясының қалай пайда болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасына жолдама беретін соңғы іріктеу турниріне баратын боксшы ресми түрде спарринг арқылы анықталмақ. Қазақстан жеті олимпиадалық салмақтың алтауында Олимпиада жолдамасын алды.

Енді тек 63,5 келідегі лицензия мәселесі шешілген жоқ.

Бокс федерациясының Атқарушы директоры Рауан Игеневтің айтуынша, мұндай қадамға баруға бірнеше фактор себеп болған.

«Біз 63,5 келі салмақтағы барлық боксшыға мүмкіндік беруді жөн көрдік. Ең бірінші мақсатымыз да – осы.

Осы салмақта бұрыннан жүрген жігіттер - Ертуған Зейнуллинов, Жандос Қыдырәлиев, Мұхаммедсабыр Базарбайұлына да, жастар құрамасындағы Төрехан Сабырхан да, осы салмаққа жақында ауысқан Серік Теміржанов та, салмағын енді реттеп, 63,5 келіге түсірген Дулат Бекбауов та шаршы алаңға шығады.

Сонда ешкімнің бізге де, бапкерлерге де сұрағы болмайды деп ойлаймын. Бәрін әділетті түрде халықтың алдында шешеміз.

Бокс біздің меншігіміздегі нәрсе емес. Бұл ең алдымен халыққа керек дүние. Сондықтан, мұндай кезде жанкүйер пікірімен санасқан да дұрыс. Ешкімнің ішінде өкініш қалмайды. Олимпиадалық салмаққа ауысты ма, ендеше, Дулаттың да шамасын байқаймыз.
Әзірге, турнирдің қандай форматта өтетінін анықтау үстіндеміз. Бұл бапкермен, басшылықпен ақылдасып шешілетін мәселе.

Біздің түпкі мақсатымыз – Олимпиада ойындарына жолдама алып, Парижде ел намысын абыроймен қорғау. Сол жолда қызмет етуді жалғастырамыз», - деді ҚБФ Атқарушы директоры Рауан Игенев.