Білмеген ереже бәрін өзгертті: Жүсіпов жарақат пен төрешілер шешімі туралы

Sport+ телеарнасының эфирінде «Бірге Бір» бағдарламасының жаңа шығарылымы көрерменге жол тартты. Бұл жолғы қонақ — Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов.
Бағдарлама барысында Астанада өткен Әлем кубогындағы соңғы жекпе-жек тақырыбы қозғалды. Абылайхан алғашқы айналымда Қырғызстан спортшысымен кездескен. Белсенді басталған кездесуде ол ұпай саны бойынша алда келе жатқанымен, жарақат алып, дәрігерлердің шешімімен жекпе-жек тоқтатылды. Соның нәтижесінде техникалық жеңіс қарсыласына берілді.
— Кездесу жақсы басталған еді. Бірақ жарақаттан кейін жекпе-жек тоқтап, техникалық нокаут тіркелді. Сол сәтте нақты не болды?
— Бокс ережесі бойынша, егер баспен соқтығыстан кейін кездесу тоқтаса, сол сәтке дейінгі ұпайлар есепке алынып, кім алда болса — соған жеңіс беріледі. Бұған дейін Eindhoven Cup турнирінің финалында өзбек боксшысымен дәл осындай жағдай болған. Маңдайым жарылып, ұпаймен алда болған соң жеңісті маған берген. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша болды. Үшінші раундқа дейін айқын басымдықпен келе жатсам да, техникалық жеңіс қарсыласқа берілді. Өзімді жеңілдім деп есептемеймін. Кейін төрешілер жаңа ереже туралы ақпарат жіберді: егер соқтығыс бірінші рет болса — ұпаймен алда тұрған жеңеді. Бірақ дәл сол жағдай екінші рет қайталанса — жарақат соққыдан деп бағаланып, жеңіс қарсыласқа жазылады. Біз бұл ережені білмедік…
— Егер бұл ережені алдын ала білсең, шешімің өзгерер ме еді?
— Иә, бірінші соқтығыстан кейін дәрігерге ештеңе демей, шешімді күтетін едім. Ал екінші рет дәл сондай жағдай болса, барымды салып, үшінші раундты жалғастырып, қорғана отырып уақытты созуға тырысар едім, — деді спортшы.
Абылайхан Жүсіповпен толық сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар.