Бибісара Асаубаева шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанды
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мансабында үшінші рет блиц шахматтан әлем чемпионатын жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+ «Спорт Шредингера».
Қатар астанасы Дохада блиц шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Әйелдер арасында жеңісті 21 жастағы қазақстандық Бибісара Асаубаева иеленді.
Асаубаева алдымен швейцариялық жүйе бойынша өткен турнирде топ жарып, 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орынмен жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда қазақстандық шахматшы қытайлық Чжу Цзиньэрге еш мүмкіндік қалдырмай, қатарынан үш партияда жеңіске жетті.
Бибісара Асаубаева блиц шахматтан әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Финалда Асаубаева Украина өкілі Анна Музычукпен ойнады. Үш партия тең нәтижемен аяқталып, шешуші төртінші партияда қазақстандық спортшы қарсыласын жеңіп, чемпион атанды.
Осылайша Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионаттарында жеңіске жеткен.
Асаубаева жеңістер саны бойынша Ресей өкілі Катерина Лагномен теңесті. Катерина Лагно да блиц шахматтан әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған. Енді қос шахматшы әлем біріншіліктеріндегі жеңістер саны бойынша бірінші орынды бөлісіп тұр.