logo

Басын қорғауды да білмейді: танымал бапкер қазақ боксшыларының кемшілігін айтты

Басын қорғауды да білмейді: танымал бапкер қазақ боксшыларының кемшілігін айтты

Танымал бокс жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов қазақ боксшыларының кемшілігін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Өмірзақов өзбекстандық және қазақстандық боксшылар шаршы алаңда қалай жұдырықтасатынын салыстырды.

«Өзбектерде дұрыс, қатал, классикалық бокс техникасы бар. Ал біздікілер қалай жұдырықтасады? Біздің боксшылар қарсы жекпе-жектің не екенін, тоқтату, басын қорғау дегенді білмейді. Егер қарсыласы оны ұра бастаса, басын алып кері шегінудің орнына, қарсы жүре береді.

Біздікілер тек ұру мен ұрмауды ғана біледі. Мен оларға мұның дұрыс емес екенін үнемі айтамын. Бірақ олар ренжиді. Егер мен саған ненің жаман екенін айтсам, онда сен жақсы болуы үшін жұмыс істеуің керек. Сауатты жұмыс істей білсең, осал тұсыңды күшейтуге болады.

Ми болмаған соң қалай ренжісең де өзің біл. Мен 1967 жылдан бері бокста жүрмін. Ұлттық құрамада жұмыс істедім. Өзім де жұдырықтастым. Біздің қазіргі боксқа қарасам, қорқа бастаймын», - деді бапкер.

Жұмабек Өмірзақов бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды жаттықтырған. Назым биыл Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарында 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сынайды.