Бар мақсатым – Парижде көк туымызды желбірету – Қамшыбек Қоңқабаев
Қамшыбек Олимпиада ойындарында екінші мәрте ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ол бірінші рет Токио Олимпиадасына қатысып, қола медаль жеңіп алған еді.
Енді Қоңқабаевтың осы уақытқа дейін қандай жетістіктерге қол жеткізгеніне қысқаша шолу жасап көрейік.
Аса ауыр салмақта ел намысын сынап жүрген саңлағымыз 1991 жылы 18 қараша күні Қызылордада дүниеге келген.
Жетістіктері:
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері
Әлем чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері (2017, 2019)
Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері (2022)
Азия чемпионатының 4 мәрте күміс жүлдегері
Қамшыбек Қоңқабаев — +92 келі салмақта 2 мәрте Олимпиадада бақ сынайтын үшінші қазақстандық боксшы.
Тәжірибелі спортшыны 2006 жылдан бері Сейітжан Төкенов жаттықтырады. Қамшыбектің жеке бапкері шәкіртін әлі күнге сындарлы сайыстарда шыңдап, жарыстарға баптап жүр.
«Мен алдағы лицензиялық турнирлерге бармасам да, Ұлттық құрмадағы боксшылармен бірге дайындалып, бірге жаттығып, біріккен оқу-жиындарында жүрмін. Менде қазір жалғыз ғана мақсат бар – ол Париж Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды желбірету. Сол үшін күндіз-түні тынбай жаттығып, дүбірлі додаға жақсы дайындықпен баруым керек. Бұйырса, жүлде аламын деп ойлаймын», - дейді боксшы.