logo

Бақтиер Зайнутдинов: Таразда жүріп, Иммобиле мен Окслейд-Чемберленмен бірге ойнайтынымды білмегенмін

Бақтиер Зайнутдинов: Таразда жүріп, Иммобиле мен Окслейд-Чемберленмен бірге ойнайтынымды білмегенмін

Қазақстан құрамасы мен «Бешікташ» жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов Түркиядағы өмірі мен мансабы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sport+.

— Түркияда не ұнайды немесе не ұнамайды?

— Жанкүйерлердің футболға деген махаббаты таңғалдырады. Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Барлық жерде футбол туралы айтады! Ал футболшылар бұл жақта өте танымал. Түркия құрамасының ойыншысы болсаң, кез келген жерде керемет күтіп алады. Өте қатты құрметтейді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұны байқамайсың.  Стамбұлдың басты проблемасы — көлік кептелісі. Мәскеудің өзінде көлік жүргізушілері ереже сақтайды. Ал Стамбұлда жергілікті трафикке үйрену қиын. Жаттығуға кейде 15 минут, кейде бір жарым сағат жүріп барасың. 

— Суперлига несімен таңғалдырды?

— Медиада, ТВ-да қалай насихаттайтыны таңғалдырды. Түріктер үшін дін, отбасы және футбол маңызды. Жанкүйерлермен қарым-қатынас өте жоғары деңгейді. Бұл өте маңызды. Әр жаттығудан соң жанкүйерлер күтіп алады. Осы бір жарым жыл ішінде жаттығудан кейін жанкүйер болмаған күн кездеспеген. 

— «Бешікташта» достарыңыз кім?

— Бәрімен жақсы қарым-қатынас ұстауға тырысамын. Десе де клуб массажистерімен достасып кеттім. Барбекюға жиі шақырып тұрады. Керемет жігіттер. 

Ал ойыншылармен араласу туралы айтсақ, мұнда кез келгеніне оңай барып сөйлесе аласың, бәрі ашық. Тіпті Иммобиле немесе Окслейд-Чемберлен де жай ғана сөйлеседі. Мысалы, Алекс Окслейд-Чемберленмен «Ливерпульдегі» кезеңі туралы сөйлестім. Маған ол жақта қалпына келу процесі қалай өтетіні, дұрыс тамақтану және басқа да ұсақ-түйектер қызық болды.

Айтпақшы, Алекс екеуміздің тағы бір қызық оқиғамыз болды. Мен жарақат алып қалдым, сонда ол өзі қасыма келіп, көмек ұсынды. Жеке физиотерапевті бар екенін, оның маған кеңес беріп, көмектесе алатынын айтты. Бұл мені қатты таңғалдырды.

— Сонда мұндай тәжірибесі бар ойыншылар тек қағаз жүзінде жұлдыз болып көрініп, ал өмірде қарапайым ба?

— Иә, қарапайым жігіттер. Бір сәт есімде, киім ауыстыратын бөлмеде отырып, ойланып кеттім: мен Тараздан шыққан қарапайым жігітпін, осындай деңгейде ойнауды армандадым. Сосын сол жаққа қарасам — Окслейд-Чемберлен, оң жақта — Эрик Байи. Кейін Италия мен Бразилия құрамасының ойыншылары Иммобиле, Габриэль Паулиста келді. Осындай сәттерде Аллаға шүкіршілік етемін. Маған осындай футболшылармен ойнауға, олардан үйренуге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын.



Күн шежіресі