Бағдат Жұбаныш Naiza 73 турнирінде Қазбек Сағыннан есе қайтарды (видео)

Қарағандыда NAIZA 73 атты ауқымды турнир өтті. Бұл оқиға Қазақстандағы ММА жанкүйерлерінің ешқайсысын бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды Sport+.
Мейн-кардта әзербайжандық спортшы Зафар Абдурахманов жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі Абылайхан Шаратовты төрешілер шешімімен жеңіп шықты. Жекпе-жек толық үш раундқа созылды, алайда жарақат Шаратовтың өз әлеуетін толық көрсетуіне мүмкіндік бермеді.
Қарағандының тағы бір өкілі, «Alash Pride» ұйымының бұрынғы чемпионы Ансар Қасымжанов қытайлық файтер Яху Жуге қарсы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қасымжанов жекпе-жектің бастан-аяқ барысын толық бақылауда ұстап, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ.
Кештің басты оқиғасы — жеңіл салмақтағы Бағдат Жұбаныш пен Қазбек Сағын арасындағы жекпе-жек болды. Бұл кездесу Жұбаныш үшін 2023 жылы NAIZA чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жектегі жеңілістің есесін қайтаруға берілген мүмкіндік еді. Қарқынды, тартысты өткен бұл жекпе-жек көрерменге үлкен әсер қалдырып, кештің нағыз шарықтау шегіне айналды.