Азия чемпионаты: қазақстандық шпагашылар қола медаль жеңіп алды
Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстанның әйелдер құрамасы шпагамен семсерлесуден қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жүлдеге бастар жолда қазақстандық спортшылар турнирдің бірнеше кезеңінен сүрінбей өтіп, Таиланд пен Жапония құрамаларын жеңді. Финалға жолдама үшін өткен кездесуде біздің шпагашылар Оңтүстік Корея құрамасымен сынға түсті.
Тартысты бәсеке кореялық команданың жеңісімен аяқталды. 45:29. Осылайша, Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігін қола медальмен аяқтап, тұғырдың үшінші сатысына көтерілді.
Команда сапында Ирина Бакалдина, Дарья Самоделкина, Владислава Андреева және София Николайчук өнер көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын бес жүлдемен қорытындылады. Жекелей шпага сайысында Ирина Бакалдина чемпион атанса, Руслан Курбанов қола медаль еншіледі. Ерлер арасындағы командалық шпага жарысында қазақстандық семсерлесушілер алтын медаль жеңіп алды. Ал ерлер арасындағы командалық қылыш сайысында ел қоржынына қола медаль түсті.