Асу Алмабаевтан жеңілген файтер UFC-ден шығарылды
UFC бірқатар спортшыны құрамынан шығарып тастады, оның ішінде жақында ғана Асу Алмабаевтан жеңілген бразилиялық Матеус Николау бар, деп хабарлайды Sport +.
MMA Fighting мәліметінше, қатардан шығарылғандар тізімінде жеті спортшы болса, оның ішінде ауыр салмақ өкілі Робелис Деспанье (5-2) мен аса жеңіл салмақта өнер көрсететін Матеус Николау (19-5-1) да бар.
Негізі Николау өз дивизионының рейтингінде 10-орында тұрған. Осылайша, Матеус екінші рет UFC-ден кетіп отыр. Бұған дейін ол 2019 жылы шығарылып, 2021 жылы 2:0 көрсеткішінен соң қатарға оралған.
Ал бұл жолы ол соңғы үш айқасында Брэндон Ройвалға, Алекс Перес пен Асу Алмабаевқа жол берді.
Естеріңізде болса, Алмабаев — Николау жекпе-жегі 20 қазан күні Лас-Вегастағы UFC Fight Night 245 турнирі аясында өтті. Кездесу үш раундқа есептеліп, төрешілердің ортақ шешімімен Асу жеңіске жетті.