Астанадағы спарринг: Лукас турнирден бас тартты, Жоламан мен Сафронова қатарға қосылды
Қазақстан бокс федерациясы турнир барынша әділетті өтуі үшін атышулы Ангелина Лукасқа да шақырту жіберген, алайда ол жарыстан бас тартты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстан бокс федерациясы лицензиялық турнирге іріктеу ретінде ұйымдастырылатын спаррингтік кездесулерге қатысу үшін боксшы Ангелина Лукасқа шақырту жіберді.
Алайда Ангелина Лукас кәсіпқой бокстағы соңғы рейтингтік жекпе-жегін 30 наурызда Таиландта өткізгендіктен және 20 сәуірге тағы бір чемпиондық жекпе-жегі жоспарланып тұрғандықтан өткен айқастан кейін тынығып, алдағы жұдырықтасуына дайындалу қажет болады.
Сондықтан, Ангелина Лукас Астанада өтетін іріктеу спаррингтеріне қатыса алмайтындығы белгілі болды, - делінген бокс федерациясының баспасөз хабарламасында.
Есесіне, 54 келіде 2016 жылғы әлем чемпионы, Қазақстанның 9 дүркін жеңімпазы Дина Жоламан мен 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Милана Сафронова (66 келі) бәйгеге қосылмақ.
Спаррингтік турнир 8-10 сәуірге жоспарланған.