Астанада әлемнің үздік боксшылары жиналады

30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Әлем кубогі өтеді, деп хабарлайды Sport+
Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, жарысқа 30 елден 300ге жуық боксшы қатысады. Бұл — Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы. Жыл бойы бірнеше кезеңмен өткізілетін Әлем кубогі рейтингілік сайыс болып саналады. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300 ұпай, екінші орынға 200 ұпай, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Әлем кубогінің басталуына 2 апта қалғанда командалар Астанаға келе бастады. Оған себеп — бірлескен оқу-жаттығу жиыны. Біраз жылдық үзілістен соң Қазақстанға АҚШ, Канада бокс құрамалары ат басын бұрды. Қазіргі уақытта Америка мен Канададан бөлек бас қалада Сербия, Франция, Финляндия, Швеция, Швейцария, Әзербайжан, Аустралия, Словакия, Норвегия, Германия және Қазақстан құрамасы бірлесіп дайындық жүргізіп жатыр. Бас-аяғы жүзден аса былғары қолғап шебері қазіргі уақытта халықаралық дайындықта.
Қонақтардың қатарында нәтижелі боксшылар аз емес. Соның ішінде: 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі
дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов (Әзербайжан) және тағы басқалары.
Қазақстан командасы Әлем кубогіне үздік құраммен қатысады. Оның ішінде әлем чемпиондары, Олимпиада Ойындарының жүлдегерлері болмақ. Толық құрам қазіргі оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша жасақталады. Сонымен қатар, бұл Астанадағы бәсеке қыркүйек айында Ұлыбританияда өтетін әлем чемпионатына дайныдық деп айтуға болады. Сол үшін барлық командалар барын салып, жақсы тәжірибе алып кетуге тырысады. Оған қоса бұл — қатысушы мемлекеттердің бірінші құраммен келуіне ле себеп болып отыр.
Бокс бәсекесі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында ұйымдастырылады. Ашылу салтанаты 30 маусым 13:00де, ақтық жекпе жектер 6 шілде 14:00де.
Ұйымдастырушылар: WORLD BOXING, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиадалық Комитеті, Қазақстан бокс федерациясы және Астана қаласының әкімдігі.
Қазақстан бокс федерациясының Бас серіктесі - «Самұрық Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.