Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Қазақстан кубогы жалғасуда
Астанада 12 жасқа дейінгі теннисшілер арасында командалық Қазақстан кубогы жалғасуда. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған турнирге еліміздің 16 өңірінің құрама командалары қатысуда. Әр команданың құрамында үш ұл, үш қыз және екі капитан бар.
Қазіргі уақытта жарыстың топтық кезеңі өтіп жатыр. Ұлдар арасында Астана мен Алматының бірінші командалары, сондай-ақ Ақтөбе және Ақмола облыстарының құрамалары сенімді өнер көрсетуде. Астана-1 мен Алматы-1 алғашқы кездесулерінде 3:0 есебімен жеңіске жетті. Елордалық команда Батыс Қазақстан облысын ұтса, алматылықтар Қостанай облысының өкілдерінен басым түсті. Астана-2 командасы Түркістан облысын 3:0 есебімен жеңді. Ақмола облысының құрамасы да Павлодар облысына қарсы кездесуде дәл осындай нәтижеге қол жеткізді.
Қыздар арасында да Астана мен Алматы командалары жарысты сәтті бастады. Астана-1 Шымкент командасын 3:0 есебімен жеңсе, Алматы-1 дәл осындай есеппен Түркістан облысынан басым түсті. Ал Астана-2 Солтүстік Қазақстан облысының құрамасына бірде-бір матч берген жоқ. Қарағанды облысы Павлодар облысын 3:0 есебімен жеңді. Ең тартысты кездесулердің бірі Қостанай және Жамбыл облыстары арасында өтіп, Жамбыл облысының командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.
19 тамызда топтық кезең кезекті командалық кездесулермен жалғасады. Ойын күнінің бағдарламасында Астана, Алматы, Шымкент командалары, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері кортқа шығады.
Матчтар Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының ашық хард корттарында өтуде. Жарыс қорытындысы бойынша 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында еліміздің үздік командалары анықталады. Турнир 22 тамызда аяқталады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!