logo

«Ақжайық» футбол клубы жабыла ма?

«Ақжайық» футбол клубы жабыла ма?

Бұған дейін қаржы бөлінбеуіне байланысты «Ақжайық» футбол клубына жабылу қаупі төніп тұр деген ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Осыған орай БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин жауап берді.

Басқарма басшысы мәлім еткендей, қазіргі кезде ел чемпионатында бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген «Ақжайық» футбол клубына жоспарланған қаражат (400 млн теңге) екі себептен бөлінбей отыр.

Жеңіс Нығметуллиннің сөзіне қарағанда, біріншіден, өңірде болған су тасқыны зардаптарын жоюға байланысты қаражат қайта бағдарлануы мүмкін.

Екіншіден, «Ақжайық» футбол клубы құрылтайшысының жұбайына қатысты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық іс қозғап, тергеп жатыр. 

«Біз қаражатты мемлекеттік сатыпалым арқылы ойнатып, «Ақжайық» клубына беретін болсақ, қаржының діттеген жерге жетпеу қаупі бар. Қылмыстық істің қалай аяқталатынын білмейміз. Егер мемлекетке залал келтірілген болса, оны өтеу үшін айыпталушының жақын-жуықтарының есепшотына тыйым салынады. Оған қоса су тасқыны зардапдарын жою мақсатында шара қабылданып жатыр. Бірақ «Ақжайық» футбол клубына қаралған қаражат басқарма есебінде тұр, ешқайда кеткен жоқ. Тек осы екі себептен уақытша тоқтатылып тұр», - деді Ж.Нығметуллин. 

Басқарма басшысы өңірде футболды тұншықтыру көзқарасы жоқ екендігін, қайта дамыту басты мақсат екендігін мәлімдеді.