Александр Шевченко Қазақстан құрамасын Таиландқа қарсы матчта алға шығарды

Александр Шевченко Қазақстан құрамасын Таиландқа қарсы матчта алға шығарды

Астанада Дэвис кубогының Екінші әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы матчтық кездесу басталды. Алғашқы ойын күнін Александр Шевченко мен Максимус Парапол Джонстың кездесуі ашты.

Тартысты өткен матч үш сетке созылды. Қазақстандық теннисші алғашқы партияны 6:4 есебімен жеңіп алды. Алайда екінші сетте қарсыласы басымдықты өз қолына алып, 6:1 есебімен жеңіске жетіп, таразы басын теңестірді. Шешуші партияда Шевченко 7:5 есебімен басым түсіп, Қазақстан құрамасына алғашқы ұпайды алып берді.

Теннисшілер кортта 2 сағат 3 минут өткізді. Кездесу Александрдың 6:4, 1:6, 7:5 есебімен жеңісімен аяқталды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Таиландқа қарсы матчтық кездесуде 1:0 есебімен алға шықты.

Алғашқы ойын күнінің екінші жекелей кездесуінде Тимофей Скатов Касидит Самрейге қарсы ойнайды.

Еске салайық, матчтық кездесу 18–19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында өтуде. Екі күн ішінде құрамалар барлығы бес матч өткізеді: төрт жекелей және бір жұптық кездесу. Қарсыластықта жеңіске жеткен құрама Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобында өнер көрсету құқығына ие болады.



Күн шежіресі