logo

Александр Панфилов: Біздің 2025 жылғы Азиядада тарихи жетістікті жаңартуға жақсы мүмкіндігіміз бар

Александр Панфилов: Біздің 2025 жылғы Азиядада тарихи жетістікті жаңартуға жақсы мүмкіндігіміз бар

Конькимен жүгіруден Канаданың Калгари қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алып, төрт ел рекордын жаңартты. Бас бапкер Александр Панфилов команданың нәтижелерін бағалап, Қытайдың Харбин қаласында өтетін Азия ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтты, деп хабарлайды Sport+.

«Канадада тамаша өнер көрсеттік. Жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Құрама мүшелерінің барлығы даму үстінде. Калгариде 15 спортшы жарысқа шықты. Нәтижесінде олар 13 жеке рекорд орнатып, төрт рет ел рекордын жаңартты. Оның екеуі ересектер арасында, ал қалған екеуі жасөспірімдер санатында болды.

Кристина Шумекова 1500 метр қашықтықтағы жарыста Алина Дауранованың рекордын жаңартты (жасөспірімдер арасында). Ал 5000 метрде өз рекордын 33 секундқа жақсартты. Ересектер арасындағы рекордқа жету үшін оған 9 секунд жетпейді. Келесі жолы бұл межені бағындыруы әбден мүмкін.

Кристина Силаева 500 метр қашықтықтағы жарыста Екатерина Айдованың рекордын жаңартты. Өте жақсы уақыт көрсетіп, медальға бір қадам жетпей қалды. Үшінші орын алған жапон қызынан ол тек бір мыңдыққа ғана артта қалды. Айта кетерлігі, Кристина 1000 метр қашықтықта да жақсы нәтиже көрсетті. Ол B дивизионында екінші орын алып, барлық қатысушылар арасында жетінші орынға ие болды. Азиядан тек екі спортшы ғана оны басып оза алды.

Жалпы, Азия ойындарындағы медальдар саны бойынша тарихи нәтижені жақсартуға мүмкіндігіміз бар. Алтын медаль жеңіп алуымыз да ықтимал. Евгений Кошкин жақсы өнер көрсетуде, Алтай Жәрдембекұлының да қарқын алып келеді.

Орта және ұзақ қашықтықтарда өнер көрсететін спортшылар әлі бабында емес. Азия ойындарына дейін оларды жақсылап дайындаймыз. Сол жерде Надежда Морозова мен командалық жарыста жігіттер жақсы өнер көрсетеді деп сенемін», — деді маман.

Айта кетейік, Калгариде қола медальды командалық спринтте Надежда Морозова, Дарья Важенина және Кристина Силаева жеңіп алды.
Бөлісу