Александр Бублик Мадридтегі «Мастерс» турнирінің қазіргі чемпионын жеңді

Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик (АТР 75) Мадридте өтіп жатқан ATP 1000 топырақ турнирінің төртінші айналымына өтті, деп хабарлайды Sport+ ҚТФ сілтеме жасап.
Турнирдің үшінші айналымында қазақстандық теннисші әлемнің жетінші ракеткасы Андрей Рублёвты 6:4, 0:6, 6:4 есебімен жеңді. Александр 2002 жылы турнир құрылғаннан бері ерлер арасындағы жекелей сында қазіргі чемпионды алғашқы матчта жеңген екінші ойыншы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке 2004 жылы португалиялық Луиш Орна қол жеткізген еді.
«Мастерс» турнирінің төртінші айналымында Бубликтің қарсыласы чех Якуб Меншик (АТР 23) немесе америкалық Бен Шелтон (АТР 13) болады.