Александр Бублик — Halle Open турнирінің жартылай финалында!

Александр Бублик (АТР рейтингі — 45) Халле қаласында өтіп жатқан беделді шөптегі ATP 500 Halle Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық теннисші ширек финалда чех Томаш Махачты (АТР — 23) сенімді түрде ұтып шықты.
Ойын 7:6 (7:2), 6:3 есебімен аяқталды. Бублик матч барысында керемет подача көрсетіп, тор маңында сенімді ойнап, бүкіл кездесу бойы жоғары қарқыннан тайған жоқ. Бұл — Александр үшін Халледегі екінші жартылай финал: еске салайық, дәл осы турнирде ол 2023 жылы ATP 500 деңгейіндегі алғашқы титулын жеңіп алған болатын — финалда Андрей Рублёвті ұтқан.
Жартылай финалда Бублик ресейлік Карен Хачанов пен аргентиналық Томас Мартин Этчеверри арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.