logo

Әйгерім Сәттібаева, бес баланың анасы: Бокстағы биігімді бағындыру үшін рингке қайта оралдым

Әйгерім Сәттібаева, бес баланың анасы: Бокстағы биігімді бағындыру үшін рингке қайта оралдым

Бокстан Астанада өткен  «Elorda Cup» турнирі жанкүйерлерге жағымды көрініс сыйлады. Ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамада өнер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен Олимпиадада бақ сынаған Олжас Сәттібаев шаршы алаңда әйелі Әйгерімге секундант болып, ринг шетінде нұсқау беріп отырды. Ерлі-зайыптылардың бұл әрекетін жанкүйерлер жылы қабылдап, әлеуметтік желіде сүйіспеншіліктерін білдірген еді. Осы орайда, Sport Plus Qazaqstan сайты тәжірибелі боксшы, бес баланың анасы әрі техникасы ерекше көзге түсетін Жамбыл бокс мектебінің түлегі Әйгерім Сәттібаевамен тілдесті.

Әйгерім Сәттібаева (қыз күніндегі тегі – Асқарова – ред.) бокстан әйелдер құрамасы енді жасақталған тұста ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың  бірі. Ол Вадим Присяжнюг жаттықтырған бас команданың алғашқы буыны ретінде өнер көрсетті. Әлемде әйелдер боксы әлі таныла қоймаған кезде, Әйгерім мен оның командаластары Саида Хасенова, Нұргүл мен Наргүл Әбутәліпова, Екатерина Кольцова, Марина Вольновалар қазақ қыздарының да жұдырықтаса алатынын дәлелдеу үшін, алға ұмтылған болатын. Бүгінде аты аталған спортшылардың басым бөлігі үлкен спортан әлдеқашан қол үзіп қалды. Ал Әйгерімнің оқиғасы ерекше.  Ол  - аналық, келіндік өмірдің қиындығына жұтылып кетпей, жұбайының да жолын тосып, жасы отыздан асса да, ел мықтыларымен тайталасып жүр.

«Өзім Шымкентте туып-өстім. Бесінші сыныпта Тараз қаласына көшіп келдік. Сол кезде спорттық бимен, дзюдомен айналыстым. Алайда, кейін әкем мені боксқа алып келді. 2004 жылы боксқа түбегейлі бет бұрдым. Осы кезде Бақтияр Артаев ағамыз Олимпиада чемпионы болған еді. Бұл да таңдау жасарда өз әсерін тигізді. Мен де еліміздің көк туын желбіретуді армандадым. Бірақ ол кезде әйелдер боксы әлі дамымағандықтан,  біраз  бапкер мені алған жоқ.  Өзімнің әкем де бокс маманы, сол кісі Ерік Алғабек атты жаттықтырушыға табыстады. Сол залда жүріп, болашақ жарым Олжаспен таныстым. Ол кадеттер арасында әлем чемпионы атанып, болашағының зор екенін көрсетіп үлгерген кезі. Әйелдер боксынан Қазақстанның тұңғыш чемпионатына жасым жетпегендіктен, қатыса алмадым. 14 жасымда Көкшетауда өткен жасөспірімдер чемпионатында жеңіске жетіп, бір айдан соң Вадим Присяжнюг мені ересектер арасындағы жаттығу жиынына шақырды. Оған менің техникам қатты ұнаған екен. Алғашқы жиында бапкерлердің көзіне түсіп, ұлттық  құрамаға қабылдандым. Көп ұзамай, ересектер арасында да топ жардым. Осылайша, халықаралық жарыстарға қатыса бастадық. Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының бағдарламасына әйелдер боксы енгендіктен, сол сынға мақсатты түрде дайындалып жүргем. Кейін жазғы ойындар басталмай тұрып, 19 жасымда тұрмысқа шығып кеттім. Осылайша, келіндік өмірге қадам басып, тұңғышымды өмірге әкеліп, бокстан қол үзіп қалдым», - дейді Әйгерім.

Әйгерім Сәттібаева, бес баланың анасы: Бокстағы биігімді бағындыру үшін рингке қайта оралдым

Десе де, боксты жаны сүйетін Әйгерімді шаршы алаң үнемі тартып тұратын. Ол алғашқы екі баласын босанған соң, қайтадан жаттығуға оралды.

«Алдымен қызымды, кейін ұлымды дүниеге әкелген соң, былғары қолғапты қайтадан кидім. Үш жыл бойы жұдырықтасып жүрдім, жолым бола қоймады. Енді ғана қалпыма келіп, өз боксымды тапқанда жолдасым Олжас Рио Олимпиадасына жолдама алды. Бұл 2015 жыл еді. Ол Олимпиадаға алаңсыз дайындалуы үшін боксты тоқтаттым. Жолдасым да артына қарайламауы үшін, менің спортты қоя тұруымды өтінді. Рио Олимпиадасында Олжастың жеңісін бермей қойды. Бұл оған да, бізге де соққы  болды. Жолдасымның спортан көңілі қалған кездерін де өткердік, жасырмаймын. 2016, 2018 және 2019 жылдары тағы үш рет сәбилі болып, Олжас та, мен де үлкен спорттағы мансабымыз аяқталғанына иландық. Ол жұмысқа кірді, мен әкеммен бірге қыздарды жаттықтыра бастадым. Себебі, әйелдер боксынан біздің облыстың нәтижесі төмендеп кетіпті. Шыны керек, ойымды қанша жерден басқа арнаға бөлсем де, бокстан ерте қол үзгенім маза бермейтін. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырғандай, үлкен спорттағы несібемді толық алмағандай сезімде жүрдім.  Сол кезде жаттығу жиынына барайын, өз күшімді тағы бір сынап көрейін деген ойымды жұбайым қолдай кетті. Олжастың өзі жаттықтыра бастады. Екі жыл бұрын халықаралық жаттығу жиыны өтіп, үш спаррингтік кездесу өткіздім. Сол кезде аға бапкерлердің жылы сөзін естіп, қанаттанып кеткенім рас. Олар менің әлі де бабымды жоғалта қоймағанымды айтып, жігерлендіріп жіберді. Ел чемпионатында екі жекпе-жек  өткізіп, үшінші айналымда 48 келінің үздігі Алуа Балқыбековаға жол бердім. Алуамен әпкелі-сіңлілі жандардай араласамыз. Ол да менің жақсы жұдырықтасқанымды айтып, дем беріп кетті. Осылайша, бокстағы жолым қайта жалғасты. Ел спартакиадасында және Испаниядағы халықаралық турнирде күміс алдым», - дейді Әйгерім Сәттібаева.

Әйгерім Сәттібаева, бес баланың анасы: Бокстағы биігімді бағындыру үшін рингке қайта оралдым

Олжас пен Әйгерімнің ара-қатынасы алғашында достықтан басталып, кейін махаббатпен жалғасты. Өйткені, екеуі бір залда жаттығып, бір залда өскен.

«Олжасты ағамдай көретінмін. Ол Ливерпульден кадеттер арасындағы әлем чемпионы болып оралғанда, оның жеңісіне қатты қуанғам. Соның қимылдарын қайталап, ол жүгірсе, бірге жүгіретінмін. Олжас сол кездерде-ақ ақыл-кеңесін айтып, маған көп нәрсе үйретіп отыратын. Осылайша, достығымыз махаббатқа жалғасты. Үйленіп, отбасылы болдық. Алғашында келіндік міндеттерді атқару да оңай болмады. Себебі, боксшы болған соң, үй шаруасына шорқақтау едім. Үнемі сыртта жүрдім.  Ал мен баламен үйде отырғанда Олжастың бар уақыты жиында өтетін. Тек 3-4 күнге келіп кетеді. Осындай сәттерде ата-енемнің қолдауы көмектесті. Енем бәрін үйретіп, тәрбиеледі. Өте қазақы отбасыға түстім, ал өзім орысшалау едім. Тамақ пісіру, қамыр жаю сынды үй тірлігін енем бастан-аяқ үйретті. Қазақтың салт-дәстүрлерін де сол кісілер арқылы таныдым. Алғашында қайын атам екі боксшының қосылғаны қалай болар екен деп, алаңдаса керек. Кейін бір-бірін түсінетін жандардың біріккеніне қатты қуанған. Өйткені, мен Олжастың спорттық мансабында барынша қолдау көрсеттім», - дейді боксшы ана.

Әйгерім Сәттібаева, бес баланың анасы: Бокстағы биігімді бағындыру үшін рингке қайта оралдым

Бүгінде Әйгерім Сәттібаева ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшысы. Ол өзінің үлкен спорттағы жеңісіне түбі қол жеткізеріне сенеді.

«Бала тербетіп отырсам да, үй шаруасымен жүрсем де, бокс десе, жүрегім елең  ететін. Теледидардан көріп қалсам, бар тірлігімді ұмытатынмын. Күйеуіме де «боксты ерте тастадым», «әлі де көру керек еді» деп жиі айтып жүрдім. Олжас та менің рингті аңсап жүргенімді түсініп, қайтадан жаттықтыра бастады. Оның қолдауына алғысым шексіз. Біздің спорттағы ғұмырымыз ұзақ емес қой. Сол бір қысқа аралықта көп нәрсеге жетіп үлгеру керек. Кейін өмірлік өкініш қалмау үшін, тәуекел етіп, тағы да бақ сынап көру қажет деп ойладым. Осы ойымды жүзеге асырып жүрмін, міне... Тұрмысқа кештеу шығу керек па деп ойлағаным да рас. Алайда, ештеңеге өкінбеймін. Қайтадан боксқа оралып, өз арманыма жетуге талпынып жатырмын», - дейді Әйгерім.

Бес балалы ана, аяулы жар, ардақты келін Әйгерім Сәттібаева ұжымымыз атынан біз де сәттілік тіледік.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Айгерим Саттибаева (Аскарова) (@aigerimaskarova91)