Аида Сатыбалдинова Қазақстан ІВА-ден неліктен шығу керектігін түсіндірді
Кәсіпқой бокста бағын сынап жүрген жерлесіміз Аида Сатыбалдинова Қазақстан бокс федерациясының World Boxing-ке ауысуы заңдылық екенін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Геннадий Головкин бұған дейін де Қазақстанның ІВА-ден шығып, World Boxing-ке мүше болуы керектігін айтқан. Отандық федерация басшылығы сол кеңеске құлақ түргеніне қуаныштымын. Себебі бір күнмен ғана өмір сүруді доғару керек. Спортты ұзақ жылдарға арналған жоспармен дамыту қажет. Әрине, саясат спортқа араласпасын десек те, шын мәнінде саясаттың бұл салаға ықпалы жоғары екенін көріп жүрміз. Геннадий өзі де бұрынғы спортшы ретінде мұның бәрін жақсы біледі. Сондай-ақ ол спортшы үшін Олимпиада ойындарының маңыздылығын да жақсы түсінеді. Ол боксшылардың тағдырын, олардың арманының күл-талқанын шығарғысы келген жоқ. Ол боксты Олимпиада бағдарламасында сақтап алғысы келеді. Сондықтан да осындай қадамға барды», - деді Аида.
Дегенмен сарапшылардың барлығы бірдей ІВА-ден шығуды құп көрмейтінін байқап жүрміз. Кей мамандар Умар Кремлев басқаратын ұйым былғары қолғап шеберлеріне қомақты сыйақы беру арқылы жағдайын жақсартуға үлес қосып жүр деп санайды. Аида Сатыбалдинованың бұл мәселеге қатысты да пікірін сұрадық.
«ХОК ІВА мүшесі болып табылатын федерациялар 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспайды деп нақты айтты. Осыдан соң басқа сөздің бәрі артық. Боксшылар жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады деп жүргендер өздерінің қалтасын ғана ойлайтындар, солардың спортшыларды ойлайтынына сенбеймін. Олардың спортшыларға түкіргені бар. Боксшылар емес, олардан жоғары тұрғандар табыс табады. Спортшылардың сыйақысын бапкерлерімен, одан жоғары тұрған басшылықпен бөлісетінін ұмытып кетті деп ойлайсыз ба?! Міне, білгішсымақтар сол үшін ІВА-ден кеткісі келмейді. Мұндай ертегіні балаларына айтсын. Боксшының арманы – Олимпиада ойындарында үздік шығу, сонан соң кәсіпқой бокста өзін мойындату. Ал Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған былғары қолғап шеберлеріне кәсіпқой бокста шетелдік промоутер табу әлдеқайда жеңіл», - деп қосты боксшы қыз.