Айбек Оралбай Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін бірінші болып шаршы алаңға шыққан Айбек Оралбай ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді ұтып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бұл Италия шаршы алаңындағы қазақ боксшыларының алғашқы жеңіп алған жолдамасы. Ал жалпы қазақ боксшыларынан ерлер арасындағы екінші жолдама. Осыған дейін бокстан Парижге жолдама ерлер арасында +92 кг салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың қолында ғана болған. Ол Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.
Енді Астана уақытымен 19:30 шамасында 75 келі салмақта әйелдер арасында Валентина Хальзова Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбамен Олимпиада жолдамасын сарапқа салады.