Абылайхан Жүсіпов: Сынды көтере білу керек — біз ел намысын қорғаймыз

Астанада өткен бокстан Әлем кубогындағы даулы жекпе-жектен кейін ұлттық құраманың мүшесі Абылайхан Жүсіпов өзіне бағытталған сындарға жауап берді. Боксшы әлеуметтік желідегі пікірлерге емес, кәсіби мамандардың бағасына сүйенетінін айтты, деп хабарлайды Sport+.
— Әлем кубогындағы соңғы жекпе-жектен кейін әртүрлі пікір айтылып жатыр. Жекпе-жек ұпай санымен де, техникалық шешіммен де қарсыласқа берілді. Осы сын-пікірлерге қандай көзқарастасың? Қалай жауап берер едің?
— Біз ел намысын қорғап жүрген соң, әрине, сын айтатындар болады. Сынды көтере білу керек. Өйткені біз еліміз үшін, көк туымыз үшін халықаралық ареналарға шығып жүрміз. Егер айтылған сын орынды болса, ойланып, қорытынды шығару қажет. Бірақ кейде бокстан еш хабары жоқ адамдар да пікір білдіріп жатады. Оларды оқығанда түсінбестік туындайды.
Жалпы, мұндай жарыстардан кейін спортта белгілі бір жетістікке жеткен ағаларымыздан кеңес сұрауға тырысамын. Себебі олардың көзімен рингтегі жағдай анық көрінеді.
Бапкерлердің де пікірі маңызды. Олар шындықты бетке айтады. Егер мақтауға тұрарлық болса — мақтайды, қате болса — түзетуді талап етеді. Ал әлеуметтік желіде жазылған әр пікірдің қайсысы рас, қайсысы жалған екенін біле алмайсың. Сол себепті ондай ақпаратты көп оқымауға тырысамын. Егер жарыстан кейін нақты шешім қабылдау қажет болса, бапкерлеріммен, тәжірибелі ағаларыммен ақылдасамын.
Боксшымен толық сұхбатты төмендегі плеер арқылы көре аласыздар: