Абылайхан Жүсіпов: Садриддинге жанкүйер боламыз
Садриддин Ахмедов (14-0) Калифорнияда кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жегін өткізуге дайындалуда. Әуесқой бокстағы жылдарында Садриддинмен бір салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан, қазіргі уақытта Тайландта Азия чемпионатының финалына дайындығын пысықтап жүрген Абылайхан Жүсіпов Sport+ тілшісіне бұрынғы командаласы жайында пікірін білдірді.
«Садриддин Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе жектерін көре алмадым. Біраз үзіліс болғаны есімде. Бірақ әуесқой бокста жүргенде өте талантты, соққысы мықты, жарқын боксшылардың бірі еді. Кәсіпқой бокстағы біраз кездесулерін көрдім. Алдағы маңызды кеште жеңіске жетуіне тілектеспін! Міндетті түрде тамашалап, жанкүйер боламыз!»
«Қазақ жауынгері» соңғы жекпе-жегін биыл тамыз айында өткізген еді. Америкадағы дебютында ол Антонио Тоддты жеңген. Сегіз раундқа жоспарланған кездесу бірінші раундта Ахмедовтің техникалық нокаутымен аяқталды.
Енді Садриддин Ахмедов америкалық Рафаль Игбокуимен кездеседі. Жекпе-жек 14 желтоқсан Қазақстан уақытымен таңғы 07:00-де басталады. Тікелей эфир Sport Plus Qazaqstan телеарнасында және Sport+ сайтында.