2022 жылы комаға түскен боксшы Айдос Ербосынұлы жақында рингке оралатынын мәлімдеді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы жақын арада рингке оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Айдос Ербосынұлы 2022 жылы 5 қарашада кубалық Дэвид Моррельге қарсы жекпе-жекте ауыр нокаутпен жеңілген соң жасанды комаға түскен еді.
Бұл WBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу үшін кездесу болатын. Жекпе-жек жоспарланған 12 раундқа созылды. Осыған дейін жеңіліп көрмеген Айдос Ербосынұлы жұдырықтасудың аяқталуына 30 секунд қалғанда нокаутқа түсті.
7 наурызда Айдос Instagram-дағы ресми парақшасында кәсіпқой спортқа оралғысы келетінін мәлімдеді.
Мен кеше оқырмандарымнан бокс әлеміне қайта оралғанымды қалайсыздар ма деп сұрап едім. Әртүрлі жауап болды. Бірі қолдаса, бірі қарсы болды. Баршаларыңызға рахмет. Десе де бокс әлеміне қайта ораларым хақ. Жақын күндері жақсы жаңалық айтамын, – деді Айдос Ербосынұлы Instagram Stories-тегі видеода.