11 ойын — 11 жеңіс! Заңғардың хардтағы керемет сериясы жалғасуда

Оңтүстік Кореяның Вонджу қаласында 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Азияның бейресми чемпионаты болып саналатын беделді ITF Juniors J300 санатындағы турнир аяқталды.
Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы (ITF Juniors рейтингінде 23-орында) әлемдік юниорлық теннистегі көшбасшылардың бірі ретіндегі мәртебесін сенімді түрде растады.
Финалда 18 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бірінші ракеткасы Қытай Тайбэйінің өкілі — әлемдік юниорлық рейтингте 41-орында тұрған Куань Чеу Ченмен кездесті. Бұған дейін олар 2024 жылдың күзінде өткен жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогының финалдық кезеңінде кортта жолыққан еді. Ол кезде қазақстандық теннисші қиын матчта 7:6, 6:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Алайда бұл жолы тартысты ойын болған жоқ. Занғар матч басынан-ақ өте жоғары деңгейдегі ойынын көрсетіп, кездесудің толық бақылауын өз қолына алды. Ол қарсыласының доптарын шебер қайтарып, сенімді доп бергенімен ерекшеленді және қарсыласына мүлде мүмкіндік қалдырмады. Финалдық есеп — 6:2, 6:1, қазақстандық теннисшінің пайдасына.
Бұл Заңғар Нұрланұлының қатарынан екінші хардтағы жеңісі болды. Өткен аптада ол Кореяның басқа қаласы Чхунчхонда өткен J200 турнирінің де чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар, Заңғардың хардтағы жеңісті сериясы 11 ойынға жетті — соңғы 11 матчтың барлығында жеңіске жетті.